Accessibility links

"Тәліптер мені өлім жазасына кесті". Босқын атана алмаған ауған әйелі Алматыдан Батысқа кетті


Кабулдағы интернет-кафеде Facebook-ке қарап отырған ауған әйелі. 2021 жыл. Көрнекі сурет.
Кабулдағы интернет-кафеде Facebook-ке қарап отырған ауған әйелі. 2021 жыл. Көрнекі сурет.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Ауғанстаннан келген әйелді Еуропадағы қауіпсіз елдеріне біріне жіберді. Өз елінде оған халықаралық ұйыммен жұмыс істегені үшін өлім жазасы төнген. Тәліптер оны "кәпір мәдениетін" таратты деп айыптап, "өлтіреміз" деп қорқытқан. Қазақстан билігі босқын мәртебесін беруге негіз жоқ деп тапқан.

"Бұл – өмір сүруге және тағдырыңды қайта бастауға берілген мүмкіндік". Ауғанстан тумасы Фатима (қауіпсіздік мақсатында аты өзгертілген) Батыс еліне қоныс аударғанын осылай сипаттайды.

"Кейде аман қалғаныма сене алмаймын" дейді қилы кезеңнен өткен әйел. Тәліптер билікке келген соң, Қазақстанға қашқан әйел осы елде білім алып, тұрақтап қалғысы келген. Бірақ Астана оған босқын мәртебесін беруден бас тартты.

23 жастағы Фатима қазір оны қабылдауға келісім берген бөтен елдің босқындар лагерінде тұрып жатыр. Ол енді сол елдің тілін үйреніп, дәрігер болу туралы арманын орындағысы келеді.

Өз отанында арманына қол жеткізу мүмкін емес. 2021 жылы билікті басып алған "Талибан" қыздар мен әйелдердің құқығын шектейтін ондаған жарлық шығарды. Сөйтіп қыздар мен әйелдер көшеде ер адамсыз әрі никабсыз жүре алмайтын болды. Оларға алтыншы сыныптан кейін оқуға да тыйым салынған. Елде акушерлерге арналған курстар да жабылды. Жақын арада жүкті әйелдерді босандыратын маман қалмауы ықтимал.

Тіпті университеттерден әйелдер жазған кітаптарды да алдырып жатыр.

"НЕ ШАРИҒАТ, НЕ ӨЛІМ". ТӘЛІПТЕРДЕН ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАШУ

Фатима Ауғанстанда өзіне өлім жазасы төніп тұрғанына сенімді. Туған елінде жүргенде ол ағартушылық науқандарына қатысып, әйелдер мен қыздардың білім алуының маңызы жөнінде жергілікті және шетелдік БАҚ-қа пікір білдірген.

"Тәліптер билікке оралмай тұрып-ақ бізді қудалай бастады" дейді Фатима. "Халықаралық ұйымның әйелдер мен қыздар білімі бөлімінде жұмыс істегенімде тәліптерден қоқан-лоқы көрсеткен хат алдым. Онда менің өлім жазасына кесілгенімде айтқан. Сол арада менен "Талибан" қозғалысының мүшесіне мәжбүрлі түрде некелесуді талап етті".

Фатиманың батысшыл үкіметті қолдаған туыстарының көбі тәліптер билікке келгенде Иранға қашқан. Елде қалған егде жастағы атасы бір күні тәліптерден хат алған.

Ол хатта немере қызының "шетелдік ұйымда және Батыс медиасында жұмыс істейтіні, кәпір мәдениетін тарататыны, ислам эмиратына жала жабатыны және бірнеше ескертуге қарамастан тәубеге келмегені" жазылған. Хатты соңында: "Ауғанстан Ислам Эмиратының әскери кеңесі ең қатал жазаны қолдану туралы шешім қабылдайды" делінген. Ал хаттағы мөрдің астында "Не шариғат, не өлім" деп жазылған.

"Менің әйелдер мен қыздарды өз құқығын білуге және қорғауға жігерлендіргенімді және еркіндік, теңдік және адамның қадір-қасиеті туралы жария түрде айтқанымды қылмысқа балаған" дейді Фатима. "Бұл айыптар қисынсыз, саяси астары бар. Олардың мақсаты – әйелдерді құқығынан айырып, олардың үнін өшіру".

Ауған полицейі пәренжі киген әйелдерді күзетіп тұр. Әйелдер отбасындағы зорлық-зомбылық туралы семинардан шығып келеді. Герат, 2009 жылғы 24 қараша.
Ауған полицейі пәренжі киген әйелдерді күзетіп тұр. Әйелдер отбасындағы зорлық-зомбылық туралы семинардан шығып келеді. Герат, 2009 жылғы 24 қараша.

Тәліптерден жасырынып жүрген Фатима осы хабарламадан соң елден қашуға бел буған. Ол алдымен өзге елдердегі стипендиялық бағдарламаларды іздеп көріп, баспасөз құралдарынан Қазақстанда білім грантын алу мүмкіндігі барын білген. Сөйтіп құжат тапсырып, оқуға қабылданған.

"Оқуымды жалғастырып, білімімді арттыруға мүмкіндік алдым. Бұрыннан бері көздегенім де осы еді" дейді ол Қазақстанды не үшін таңдағанын түсіндіріп.

Фатима Алматыға жалпы медицина мамандығын оқуға келген. Алғашқы семестр виза алуға кеткен. Сөйтіп ол емтиханға таман бір-ақ келген. Емтиханды тапсыра алмаған. Осыдан соң оған ақылы бөлімге түсуге ұсыныс жасалған. Бірақ өзі де, туыстары босып кеткен Фатима ақылы бөлімде оқуға шамасы жетпеген. Еліне қайтуға және болмайды. Қазақстанда қалудың мүмкіндіктерін іздеген Фатима Алматыдағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жүгініп, босқын мәртебесін сұраған. Басқарма "өз елінде қауіп төніп тұрғаны жайлы дәлел ұсынылмады" деп өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан. Оған босқын мәртебесін сұраушы куәлігі де берілмеген.

Осылайша ауған әйелі БҰҰ жоғарғы комиссарының басқармасынан көмек сұрап, ол жақтағылар оны Қазақстандағы адам құқығы бюросына (құқық қорғау ұйымы) бағыттаған. Бюро Қазақстан шенеуніктерінің шешімін заңсыз деп атады.

Бюро заңгерлері оған Қазақстан мемлекеттік органдарына арналған өтінішті дайындауға көмектескен. Сотта Фатима босқын мәртебесін беруден бас тарту туралы шешімді заңсыз деп тануды сұрады. Ал БҰҰ жоғарғы комиссарының басқармасы оның Қазақстанның кез келген оқу орнындағы білім алу ақысын төлеп беруге келіскен. Бірақ сот соған қарамастан өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан.

"БОСҚЫН МӘРТЕБЕСІН БЕРУ – ГУМАНИТАРЛЫҚТАН ГӨРІ САЯСИ АКТІГЕ ҰҚСАЙДЫ"

Сот процестері мен депортация қаупі Фатиманың Қазақстандағы кейінгі айларын күйзеліс кезеңіне айналдырған.

"Бұл менің өмірімдегі ең ауыр және қорқынышты кезеңге айналды. Өлім жазасы күтіп тұрған Ауғанстанға оралу қаупі маза бермеді. Күн сайын өзім құтқарудың және депортацияға жол бермеудің қауіпсіз жолын іздедім. Ұйқы мұңға айналды, өзім үшін және отбасым үшін алаңдаумен болдым. Бұл тоқтаусыз қысым және мазасыздық уақыты еді. Бірақ үміт үзбеуге тырысып бақтым" деп еске алды Фатима.

Осыдан соң Адам құқығы бюросы Фатимаға босқын мәртебесін беретін басқа елдерді іздеу кірісіп, бірнеше елшілікке жүгінген. Соның бірі оның құжаттарын қабылдап, мәселені бірнеше ай қарастырған. Бірақ ақырында бас тартқан. Өйткені ол елдің босқын қабылдау саясаты өзгеріп кеткен. Сөйтіп жүргенде еуропалық елдердің біріндегі (қауіпсіздік мақсатында ол ел аталмайды) құқық қорғау ұйымы көмек қолын ұсынып, өздеріндегі ішкі істер министрлігіне сұрау салған. Сөйтіп олар онлайн сұхбаттан кейін оң шешім қабылдаған. Сол елдің елшілігі гуманитарлық виза беруді жеделдетіп, әуе билетін де сатып алып берген.

Қыркүйектің аяғында ауған әйелі Алматыдан ұшып кетті.

Бюроның айтуынша, Қазақстанда босқын мәртебесін алу өте қиын. Қазір ауған азаматтары Қазақстанда ары кетсе босқын мәртебесін сұраушы куәлігін ғана ала алады. Ал ол бар болғаны 18 айға дейін беріледі. Құқық қорғаушылардың сөзінше, бұған Астананың Кабулмен қарым-қатынасты жандандыруға деген талпынысы себеп болуы мүмкін. 2023 жылы Қазақстан Ауғанстанмен сауда-экономикалық байланысты нығайту үшін "Талибанды" террор ұйымдары тізімінен алып тастаған.

"Қазақстанда босқын мәртебесін беру гуманитарлықтан гөрі саяси актіге ұқсайды. Ал "Талибан" заң жүзінде террор ұйымдары тізімінен шығып, Астананың сауда-экономикалық әріптесі атанған соң, ресми түрде тәліптер бұрынғы билікпен және Батыс ұйымдарымен жұмыс істегендерді қудаламайды деп саналады. Саясат бағыты осылай өзгергендіктен, Ауғанстан азаматтары бүкіл сот инстанцияларына өтіп, теріс шешім шыққанша босқын мәртебесін сұраушы ретінде бір жарым жылға ғана үміттене алады" дейді бюро.

Адам құқығы бюросының ақпаратына қарағанда, 2025 жылғы сәуірге дейін Қазақстан босқын мәртебесін сұраушы 265 адам және 301 босқын болған. Оның 70-80 пайызы – ауғандар. Үшінші елдерге кетіп қалған ауғандар жөнінде статистикалық мәлімет жоқ. Құқық қорғаушыларға босқын мәртебесін ала алмаған ауғандар өз күшімен қауіпсіз жерлерге көшіп кеткен жағдайлар мәлім. АҚШ үкіметімен жұмыс істеген ауғандар тобы АҚШ-тың арнайы бағдарламасы бойынша тәліптер келгенге дейін кетіп үлгерген. Әзірге Қазақстан ауған азаматтарын "Талибанға" қайтарды деген ақпарат тіркелмеді дейді ұйым.

"АРМАНЫМ – ОҚУЫМДЫ ЖАЛҒАСТЫРЫП, ӘЙЕЛДЕР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ"

Фатима Қазақстанда қалуға және өзге елден баспана іздеуге көмектескендерге алғыс айтады. Оның сөзінше, бұл тәжірибе оны бұрынғыдан да парасатты әрі табанды еткен. Алматыдағы екі жылға жуық уақытты ол "маңызды әрі құнды тәжірибе" деп санайды.

Ең қиыны – отбасыдан қол үзіп қалу, дейді Фатима. Оның ет-жақындары қазір Иранда тұрады.

"Олардың жағдайы қиын. Олардың қолдауын, қамқорлығын және бірге болған сәттерімізді сағынамын. Жасы келген атам, әке-шешем жақтағы барлық туыстарым, көкелерім мен әпкелерім, аталас бауырларым әлі де елімде қалып отыр. Олармен хабарласып тұруға тырысамын. Олардың ондағы өмірі ауыр. Олардың басына түскен жағдай маған күш беріп, болашаққа ұмтылуға, бір күні оларға және қауымыма көмектесуге жігерлендіреді" дейді ауған әйелі.

Тәліптер "Талибанның" билікке келгеніне төрт жыл толуын тойлатып жүр. Кабул, 15 тамыз 2025 жыл.
Тәліптер "Талибанның" билікке келгеніне төрт жыл толуын тойлатып жүр. Кабул, 15 тамыз 2025 жыл.

Фатиманың айтуынша, Ауғанстандағы көптеген жас әрі көз ашық әйелдер үреймен өмір сүріп келеді. Оларға қоқан-лоқы көрсетіп, үнін өшіруге тырысады, еркіндігінен айырады. Кей жағдайлар қайғылы оқиғамен – суицидпен немесе зорлық-зомбылықтағы қазамен аяқталады.

Ауған әйелі сағын сындырмауға тырысады. Кейін реті келсе, туыстарымен бас қосқысы келеді.

"Оларға көмектесуге үміттімін, қауіпсіз өміріне жол ашқым келеді. Әсіресе мектепке бара алмай, қалып бара жатқан інілерім мен қолдауға мұқтаж әпкемді ойлаймын" дейді Фатима. "Қолымда құжат болып, ресми мәртебе алған кезде ғана оларға толыққанды көмектесе аламын. Оларға білім алуға, үрейсіз тыныш әрі қауіпсіз өмірге мүмкіндік сыйлағым келеді. Олар жақсырақ өмір сүрсе, Еуропада өмір сүрсе деймін".

Фатиманың сөзінше, басқа түскен сынақ оның ерік-жігерін күшейтіп, білім алуға, медицинадағы кәсібін меңгеруге деген құлшынысын арттырған.

"Басты арманым – оқуымды жалғастырып, ауған әйелдері мен қыздарының құқығын қорғау, оларға білім алуға, жұмыс істеуге және еркін өмір сүруге деген мүмкіндік ұсыну. Өмірімді үні өшірілгендерге үн қосуға, Ауғанстандағы әрбір әйелдің қадір-қасиетке, білімге және еркіндікке деген құқығы болатын болашақты қалыптастыруға арнағым келеді" дейді Фатима.

XS
SM
MD
LG