Accessibility links

Билікті сынайтын парақшалар жабылып қалды. Артында кім тұр?


Қазақстанда түрлі деңгейдегі саяси билікті сынайтын, адам құқығы бұзылған фактілерді әшкерелейтін екі журналист — Вадим Борейко мен Асхат Ниязовтың, сондай-ақ жемқорлық туралы айтатын қоғам белсендісі Санжар Боқаевтың Instagram-дағы жүздеген мың адам оқитын парақшалары бір күнде өшірілді.

"ҮШЕУІМІЗДІ ҚАТАР БҰҒАТТАДЫ"

Журналист Вадим Борейко Facebook-те осы жайт туралы пост жазып, мұны жеке өзіне бағытталған, кәсіби қызметіне байланысты шабуыл деп есептейтінін айтты. Оның "Гиперборей" жобасы елдегі саяси оқиғалар бойынша көбіне билікті сынайтын сұхбаттар жариялайды, саяси сот процестерінен ақпарат таратады.

Журналистің сөзінше, өзінің жобасына биылғы қаңтардан бері түрлі шабуыл жасалып келеді. Биыл шілдеде оның Фейсбуктегі "Гиберборей" парақшасы авторлық құқық бұзды деген уәжбен жабылып қалған. Оған дейін, TikTok-тағы аккаунты біржола өшірілген. Борейко мұны Қазақстан билігі мен Facebook, Instagram желілеріне иелік ететін Meta компаниясының етене жұмыс істей бастағанының салдары деп болжап отыр.

"Гиперборей" жобасының авторы Вадим Борейко
"Гиперборей" жобасының авторы Вадим Борейко

"Менің ойымша, мұның түп-тамыры 2021 жылғы 15 қыркүйектегі оқиғаға барып тіреледі. Сол кезде атышулы "Сарым–Закиева түзетулері" қабылданған еді. Одан кейін біздің ақпарат министрлігінің Meta компаниясымен түрлі "келіссөздері" басталды. Осы "ынтымақтастықтың" нәтижесінде Қазақстан сегментіндегі көптеген пайдаланушының аккаунттары уақытша да, біржола да бұзылды не өшірілді. Өз басым бұл екі платформаның әрқайсында екі рет бұзылу мен екі рет уақытша бұғаттауды бастан өткердім. Әр жолы "Access Now" ұйымы көмектесіп, аккаунттарымды қалпына келтіріп отырды. Қазір де оларға хат жібердім, бірақ, ашығын айтсам, бұл жай рәсім ғана екенін түсініп отырмын", – деп жазды "Гиперборей" Youtube-парақшасының авторы Вадим Борейко.

Instagram-дағы парақшасы өшкен Асхат Ниязов пен Санжар Боқаев мұның артында "Қазақстан билігі тұрған болуы мүмкін" деп болжап отыр. Әкімдер туралы репортаж жасап, өңірлер мәселесін көрсететін "Обожаю" арнасының авторы Асхат Ниязов желідегі парақшаларын аман алып қалу үшін былтырдан бері күресіп келе жатқанын айтады. Бірақ бұл жолы Instagram әкімшілігі жазбалары да, парақшалары да не себепті түбегейлі өшірілгенін еш түсіндірмеген.

Асхат Ниязовтың сөзінше, бұл жолғы бұғаттау бұрынғыларынан басқаша болған.

"Обожаю" YouTube-арнасының авторы Асхат Ниязов
"Обожаю" YouTube-арнасының авторы Асхат Ниязов

"Әдетте Instagram алдын ала ескертіп, "парақшаңызда мынадай мәселелер бар, 90 күн ішінде шағым бере аласыз" деп хат жіберетін. Біз хат жазамыз, олар қарастырады. Бұл жолы Instagram-ға кірсем, "Парақшаңыз енді жоқ, бүкіл постыңыз өшірілді" деп шыға келді. Оқып отырып жүрегім шым ете қалды", – деді журналист Азаттыққа.

"Үшеуімізді қатар бұғаттағанын бірінші рет көріп тұрмын. Биыл олар радикал әдіске көшкен сияқты. Осы жолы олар парақшаларымызды бұзудың жаңа жолын тапқандай. Айырмашылығы – үшеумізді бірден қатар өшіріп тастағаны", – дейді Ниязов.

Бұғаттаудың артында кім тұрғанын нақты айта алмағанымен, Асхат Ниязов биліктің сынап, жемқорлықты әшкерелеп жүрген үш адамның парақшасы бір сәтте бұғатталуы "билік жағынан болуы әбден мүмкін" деп топшылайды. Олар Meta-ға хабарласып, жағдайды түсіндіретінін айтты.

Алматыдағы және елдегі ірілі-ұсақты жемқорлық істерін әшкерелеп, видео түсіретін белсенді Санжар Боқаев та мұның артында кім тұрғанын болжау қиын дейді. Дегенмен ол өз парақшаларын бұғаттауға көп ақша жұмсалды деп есептейді.

Қоғам белсендісі, блогер Санжар Боқаев
Қоғам белсендісі, блогер Санжар Боқаев

"Мұны істеп отырған – мықты хакерлер. Оларға соншама ақшаны төлеп отырған биліктің өзі ме, әлде біз көрсетіп жатқан жемқорлық схемаларының артында тұрған олигополия адамдары ма, ол жағы маған әлі түсініксіз", – деді Боқаев Азаттыққа.

Парақшасын бұғаттау кесірінен Санжар Боқаевтың 1 миллионға жуық оқырманымен байланысы үзілген.

Бұл оқиға бойынша Азаттық Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрлігіне хабарласып, парақшасы өшірілгеніне билікті айыптаған журналистер сөзіне байланысты пікір сұрады. Министрліктің баспасөз қызметі ресми сауал жолдау керегін айтты. Заң бойынша министрлік оған 5 күнде жауап жіберуге тиіс.

Азаттық Instagram желісіне иелік ететін Meta компаниясының баспасөзбен байланыс бөліміне де сауал жіберіп, журналистер парақшасына шағымды кім түсірді, Қазақстан билігі тарабынан бұл парақшаларды жабу бойынша қандай да бір өтініш түсті ме, жоқ па деп сұрады. Жауап әлі келген жоқ.

2022 жылы мамырда Қазақстанда "Балалар құқығын қорғау мәселелері жөніндегі өзгерістер мен толықтырулар" деп аталатын заң қабылданған. Көпшілік "Сарым-Закиева заңы" деп атап кеткен құжатты биліктегі "Аманат" партиясынан сайланған депутаттар Айдос Сарым мен Динара Закиева ұсынған.

Ол заңда шетелдік онлайн-платформа мен жедел хабар алмасу сервисі Қазақстанда заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеуден өтіп, компанияның Қазақстандағы өкілдігін ашуы керек, оны Қазақстан азаматы ғана басқара алады деп жазылған. Осылайша ел ішінде ірі әлеуметтік желілердің өкілдіктері ашыла бастады.

Заңда "Филиал басшысы Қазақстан билігі заңға қайшы деп тапқан ақпаратты өшіруге не бұғаттауға міндетті" деген бөлім де бар. Филиал басшысы ақпарат министрлігінен келген шағымды бірден қарап, онда жазылған талапты бір тәулік ішінде орындауы керек. Сол кезде құқық қорғаушылар бұл заң Қазақстандағы сөз еркіндігін шектеуі мүмкін деп дабыл қаққан еді. Ал билік өкілдері ол заң желідегі сөз еркіндігіне шектеу қоюды көздемейді деп сендіруге тырысқан. Даулы заң авторларының бірі депутат Айдос Сарым бұл заң желідегі кибербулингтен балаларды қорғауға бағыталғанын айтып, "жаппай бұғаттаймыз деп отырған жоқпыз" деп мәлімдеген.

"ҚАРАУСЫЗ ҚАЛҒАН ОСАЛ ТҰСЫН ПАЙДАЛАНЫП ЖҮР"

Әлеуметтік желіде аккаунттарды бұғаттау қалай іске асады? Асхат Ниязов, Вадим Борейко, Санжар Боқаев сынды адамдардың Instagram-парақшаларының бұғатталуы кездейсоқ па? Бұл туралы IT маман Ерлан Оспанмен сұхбаттастық.

Ерлан Оспан: Мұны кездейсоқтық деп ойламаймын. Бұл – кәдімгі жолға қойылған жоспарлы жұмыс. Бұл жасырын емес. YouTube-тегі арналарды страйк беріп жабу - Facebook, Instagram, яғни жалпы Meta экожүйесіндегі парақтарды жаптыру бұрыннан бар. Мұны мемлекеттік органдар жасаған дегенге дәлелім жоқ. Бірақ, айталық дижитал агенттіктер жолға қойып, қызмет көрсетіп жүрген ісі деп ойлаймын.

Азаттық: Жалпы мұндай процесс қалай іске асады? Бұл процесс қалай жүреді?

IT маман Ерлан Оспан
IT маман Ерлан Оспан

Ерлан Оспан: Мүдделес 40-50 адам "бұл – порно контент", "бұл – намысқа тиеді", "бұл – кісіні қорлау" деген сияқты пункттермен страйк бере алады. Сондай мүдделес адамдарды табу оңай. Мысалы, таза гипотеза ретінде айтайын. Мемлекеттік қызметкерлердің барлығы әлеуметтік желіде бар. Оларға жазылмаған жоспар таратылуы мүмкін. "Бәленбайдың материалы порно-контент деп айтайық, қанекей, бәріміз жабылып дауыс беріп жіберейік" дейді. Бұл негізі сонша жасырын практика емес. Ресейдегі атышулы "Ольгино" сияқты ғой, меніңше соның ізбасарлары бар.

Азаттық: Бірақ Instagram, Facebook сияқты әлеуметтік желі платформалары жасанды интеллекті заманында мұның қасақана шабуыл екенін бағамдап, оған тойтарыс берудің жолдарын әлі күнге дейін таба алмай отыр ма?

Ерлан Оспан: Кейінгі 10-15 жылдағы әлеуметтік желідегі жұмыстарыма қарап айтатын болсам, оларда ұсақ елдердің контентін саралайтын мүмкіндік жоқ. Бірақ мұны тап басып нақты айта алмаймын. Естуімше әлі Meta-ға өтпей, Facebook болып тұрған заманда, Украинадағы соғысқа дейін бүкіл ТМД бойынша модерация, бақылау, тағы басқа заңдылықтарды қадағалау Ресейдің Санкт-Петербург қаласында болған. Шындығын айту керек, қазақ тілімен салыстырғанда кең тараған орыс тіліндегі ресейлік оппозициялық арналар үнемі страйкқа ұшырап, жабылып қалып, үнемі [биліктен шабуыл болғанын] дәлелдеп жүреді. Яғни, қазақ тілінде олар саралай алмайды, олар тек қана статистикаға сүйенеді. Страйк көп болса жауып тастайды. "Мен шындықты айтып жатыр едім" дегендердің орысша контентін де қарамайды. Оның қасында біздікін демократиялық принциптерге сай жүйелеп, жіті қарап отыр деп айта алмаймын.

Азаттық: Meta, Google сияқты компаниялар әр елдің жергілікті заңы аясында жұмыс істеуге мәжбүр болатын кезі жиі болатынын айтады. Мысалы, былтыр қазан айында Meta мен Apple компанияларының өкілдері Қазақстанның сол кездегі цифрлық даму, инновация министрімен кездескенде осындай ақпарат тараған. Яғни, алаяқтық, терроризм сынды қауіп-қатердің алдын алу үшін билікпен бірлесе шара қолданады. Мұндай кездесулерде билікке жақпайтын, оппозициядағы адамдардың аккаунттарын бұғаттау туралы келісім жасауы мүмкін бе?

Ерлан Оспан: Меніңше, америкалық компаниялармен олай істеу мүмкін емес, мен оған сенбеймін. Биліктің сондай ниеті болған жағдайда да осылай ашық түрде келісім жасалғанына сенбеймін. Меніңше, жергілікті біреу оларға бастамамен шықты. "Осы жерде өкілдік ашыңыздар. Біз сіздерге террорға үндейтін, басқа да заңсыз контент туралы мәліметтің бәрін жүйелеп беріп отырайық" деп келісуі мүмкін. Олар соған жай ғана мойынсұнып келісе салады.

Ал мына жақта шын мәнінде оппозициялық көзқарастағы азаматтарды, шын болған оқиға, адамдардың заңсыз қамалуы, жапа шегу сияқты фактілерді әшкерелейтіндерді бұғаттап, ана жаққа "біз террорды насихаттауы мүмкін деген контентті бұғаттап жатырмыз" деп басқа мәлімет беруі мүмкін.

Меніңше, олар ағылшын, француз, неміс сияқты кең таралған 5-10 тілден әрі қарай барып отырған жоқ. Тіпті жылына 200 миллион доллар әкелмейтін аймақ қызық емес деген бейресми ақпарат бар. Яғни корпорацияларға ондай аймаққа қандай да бір саясат жүргізу қызық емес.

Азаттық: Бизнес тұрғысынан қарасақ, әлеуметтік желіні ойлап тапқан компаниялардың барлығы – 100 миллиардтаған доллар айналдыратын алпауыттар. Олар көп адаммен жұмыс істеу арқылы қаражат тауып отыр. Яғни, Қазақстан аудиториясын сондай бір бизнес-жоба ретінде қарастырса, сөз еркіндігі, азаматтардың құқығы, жемқорлық туралы зерттеп жүрген бірнеше парақшаны жаба салып, бизнесін ары қарай жалғастыра беру, ол платформаларға да ыңғайлы емес пе?

Ерлан Оспан: Дәл Қазақстанмен ымыраға келмей, олар көп нәрсе жоғалтады деп ойламаймын. Мысалы, қазір мен Facebook-ке жарнама бергім келсе, тек қана Қазақстанды белгілесем, 21 млн адамның ішінен "сіздің потенциал аудиторияңыз – 800 мың адам" деп көрсетеді. Ал қазақшаларын ғана қалдырсам, тіпті 90-95 мың адам деп көрсетеді. Бұл корпорация үшін тиын-тебен. Оған тіпті бөлек мекеме ашып, бақылап, саясат жүргізіп, GR (government relation), яғни мемлекетпен араласу қажет емес. Мүмкін, саяси маңызы бар, халқы көп Бангладеш, Индонезиямен жұмыс істейтін болар. Бірақ, меніңше, біз сияқты елдерге қарамайды. Біздің мемлекеттік органдар қараусыз қалған осы осал тұсын пайдаланып жүр.

Азаттық: Есіңізде болса, 2021 жылы Қазақстанның ақпарат министрлігі Facebook-тің қауіпті контент туралы ескерту жүйесіне эксклюзив рұқсат алдық деп мәлімдеген. Бірақ Facebook оны тез арада терістеген. Содан бері Қазақстан билігі әлеуметтік желіні бақылау, реттеп отыру мақсатында нақты қандай бір нәтижеге қол жеткізді деп ойлайсыз?

Ерлан Оспан: Өзіңіз білесіз, алғаш рет қаншама заң қабылданды. Әлі прецедент болмағасын, бұғаттау бойынша "жетістігін" айта алмаймыз. Бірақ әлдебір белгілері бойынша Ресей бұл жөнінен авангард болып тұр, біз соны көшіріп келе жатырмыз. Меніңше, біздің бақылаушы органдар стандартты, яғни регламентпен қарастырылған мүмкіндіктерін пайдаланып келеді.

XS
SM
MD
LG