24 қарашада Шығыс Қазақстан облысында жол апатынан үш адам қаза болды. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, дүйсенбі күні Омбы – Майқапшағай тас жолының 877-шақырымында Chevrolet көлігі мен Howo жүк көлігі соқтығысқан. Жүргізуші мен Chevrolet-те отырған екі жолаушы қаза болған. Тағы бір жолаушы ауруханаға жатқызылған.
Бұған дейін Алматы облысында 24 қарашада жол апатынан алты адам қаза болғаны хабарланған еді. Осылайша бір күнде жолда 9 адам қаза болып отыр.
Өткен аптада ішкі істер министрі Ержан Сәденов төрт облыстың (Алматы облысы, Жамбыл, Ақтөбе және Түркістан) полиция департаменті басшыларына республикалық тас жолдың апаттар жиі болатын аумақтарын жеке тексеруді тапсырған. Tengrinews-дің жазуынша, "генералдық рейдтер" кезінде мысалы Алматы облысында Алматы – Өскемен және Қапшағай – Күрті тас жолдарында "кемшіліктер" анықталған, оны мердігерлер белгілі бір мерзімде жөндейтіні хабарланды.
Ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша, Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 2500 адам жол апатынан қаза табады. Елде 1991 жылдан бері жол-көлік апатынан опат болған адам саны бірде 4 мыңға өсіп, бірде 2 мыңға дейін кеміп отырған. Кейінгі төрт жылдағы есепке сәйкес, адам шығыны баяу өсіп келеді.
2022 жылы – 2425 адам;
2023 жылы – 2543 адам;
2024 жылы– 2579 адам қаза болған.
Биыл күздің өзінде Қазақстанда жол апатынан қаза тапқандар саны ондаған адамға жетіп отыр. 4 қараша күні Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы жолда көлік апаты салдарынан бес кісі қаза тауып, бір адам зардап шекті. 23 қазан күні Ақтөбе өңірінде Самара-Шымкент бағытындағы жолда жүк көлігі мен "Газель" автомобилі соқтығысқан. Апат салдарынан 12 адам мерт болды, арасында кәмелетке толмаған екі бала бар. 3 қазанда Абай облысында Омбы-Майқапшағай тас жолында болған жол апатынан 4 адам көз жұмды.